Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық қоғамдық штабқа барды

26 қазанда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде Республикалық қоғамдық штабқа (РҚШ) барып, үгіт-насихат және талдау орталықтарының, кандидаттың қоғамдық қабылдау бөлмесінің, медиа-штабтың, сенімді өкілдердің жұмысын үйлестіру орталығының, байқаушылар штабының, жастар алаңының жұмысымен танысты. Республикалық қоғамдық штабтың құрамына 474 адам енген. Олардың арасында Халықтық коалицияға біріккен ұйымдардың белгілі азаматтары, ғылыми-сарапшылық қауымдастық өкілдері, Парламент депутаттары, жастар және басқа да тұлғалар бар. Еліміздің әр өңірінде, оның ішінде қалалар мен аудандарда 226 штаб құрылып, 6 мыңнан астам адам қызмет етеді. РҚШ мүшелері еліміздегі 200-ден астам елді мекенді аралап шығуды жоспарлап отыр. Республикалық және өңірлік штабтар 52 мыңнан аса іс-шара өткізбек. Жалпы, үгіт-насихат жұмыстарына Халықтық коалицияның 7,5 мың белсендісі тартылды. Сондай-ақ 30 мың сенімді өкіл тіркеліп, сайлау күні барлық учаскелерде жұмыс істеу үшін 20 мыңға жуық бақылаушы дайындалды.

Республикалық және өңірлік қоғамдық штабтардың жұмысы туралы ақпаратты тыңдаған Қасым-Жомарт Тоқаев барлығына сенім артқаны үшін алғыс айтты.

– Бүгінде Қазақстанда әлемдік нарықтағы дағдарыстың, жаһандық азық-түлік инфляциясының және халықаралық қатынастардағы күрделі жағдайдың әсері сезіледі. Әділетті Қазақстанды құру – менің Президент ретіндегі басты миссиям. Бұл – біздің ортақ ісіміз. Біз алға қойған мақсаттарға бірге жететінімізге сенімдімін. Нақты іс-әрекет жоспарымыз, қажетті ресурстар, ең бастысы, баға жетпес капитал – елдің жауапты азаматтары бар, — деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасын таныстырды.

Ол өз сөзінде елімізде әлеуметтік салада, экономика мен саясатта көптеген жүйелі проблемалар қордаланғанын, азаматтардың билікке сенімсіздігі артқанын атап өтті.

– Енді әділеттілік идеясы біздің мемлекеттік саясатымызда ең маңызды ұстанымға айналады. Бүкіл ұлттық идеологиямыз әділеттілік идеясына негізделеді. Әділеттілік идеясы біздің әрбір шешімімізден, әрекетімізден көрініс табады. Біздің басты байлығымыз бен бәсекелестік басымдығымыз  – адам. Сондықтан біз «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» формуласын берік ұстанамыз, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ол Президент қызметінде үш негізгі қағиданы дәйекті түрде ұстануға ниетті екенін айтты.
Бірінші қағида – Әділетті мемлекет.

– Біз саяси жаңғыртуды дәйекті түрде жалғастыра береміз. Мемлекеттік аппарат жұмысының тиімділігін арттырамыз. Біз сот билігінің тәуелсіздігін нығайтамыз. Құқық қорғау саласында түбегейлі реформа жүргізіп, армиямыздың қорғаныс қабілетін арттырамыз. Біз жүргізген конституциялық реформа мен институционалды өзгерістер Қазақстан дамуының түбегейлі жаңа саяси моделінің негізін қалады, – деді Қ.Тоқаев.

Екінші қағида – Әділетті экономика.

– Бұл халықтың, бизнес пен мемлекеттің мүдделерін тең қорғау идеясына негізделген әділетті экономиканы құруды, ресурстарды тиімді пайдалануды білдіреді, – деп атап өтті үміткер.

Үшінші қағида – Әділетті қоғам.
Бұл қағида дамыған әлеуметтік инфрақұрылым құруға және адам әлеуетін жүзеге асыруға кең мүмкіндіктер ашуды, әділетті әлеуметтік саясат жүргізуді көздейді.

Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи таңдау жасауға шақырды.

– Бәріміз халық алдында жауаптымыз. Бұл – біздің бірегей мүмкіндігіміз. Түбегейлі өзгерістер мен батыл шешімдер қабылдайтын уақыт жетті. Енді басқа мүмкіндік болмайды. Біз елімізді дамытудың және ілгерілетудің даңғыл жолына шығарып, Әділетті Қазақстанды құруға міндеттіміз, – деді.