Басқарудың жаңа формалары

Жаңа заңнамаға сәйкес кондоминиум объектісін басқарудың жаңа нысандары – МИБ (мүлік иелерінің бірлестігі) және жай серіктестік енгізілуде. Пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлардың иелері басқарудың 2 нысанының бірін таңдауға міндетті. МИБ бен жай серіктестік МИБ заңды тұлға болып табылатындығымен, жай серіктестік бірлескен қызмет туралы шарт негізінде жұмыс істейтінімен ерекшеленеді.

Басқарудың жаңа нысандары мен ПИК-тің басты айырмашылығы – тұрғындар тек өз үйлерін басқаратын болады. Бұл оларға үйлерін күрделі жөндеуге қаражат жинауға, қаражаттың түсуін және олардың мақсатты жұмсалуын бақылауға мүмкіндік береді. Бұл қағида «Бір үй – бір бірлестік – бір шот» деп аталады. Ал ПИК-ке барлық үйлерден жиналған қаражат ортақ шотқа кетіп отырды, бұл жиналған қаражаттың мақсатты пайдаланылуын бақылауға мүмкіндік берген жоқ. Егер бұрын ПИК бір мезгілде көп пәтерлі тұрғын үйдің ортақ мүлкін күтіп-ұстау жөніндегі қызметтердің тапсырыс берушісі мен мердігері болса, онда МИБ тапсырыс беруші ретінде ғана әрекет етеді. Осылайша, тұрғындар басқарушы немесе сервистік ұйымдарды тартады, мердігерлермен, коммуналдық қызметтермен шарттар жасасады, орындалған жұмыстардың көлемі мен түрлерін және олардың нақты кондоминиум объектісі бойынша ақысын бақылайды.

Бұл ретте әрбір үйдің тұрғындары екінші деңгейдегі банкте өзінің ағымдағы және жинақ шоттарын ашады және оларды дербес басқарып, пайдаланады.

Осының барлығы ПИК тарапынан көрсетілетін қызметтер мен тарифтерді бекітуді болдырмауға мүмкіндік береді, сондай-ақ тұрғындар қаражатының ашық жұмсалуын қамтамасыз етеді.