Тұрақты комиссиялардың құзыреті

(Павлодар қалалық мәслихатының 2022 жылғы 19 қаңтардағы № 116/15 шешімімен бекітілген Павлодар қалалық мәслихатының Регламентінен көшірме) 

7- тарау. Мәслихаттың тұрақты және уақытша комиссиялары

49. Мәслихат бірінші сессияда депутаттар қатарынан мәслихаттың қарауына жататын мәселелерді алдын ала қарау және дайындау, оның шешімдерін, заңдарды іс жүзіне асыруға жәрдемдесу, өз құзыреті шегінде функцияларды жүзеге асыру үшін өз өкілеттігінің мерзіміне тұрақты комиссияларды құрады. Мәслихат тұрақты комиссиялардың мүшелерін депутаттар қатарынан ашық дауыс беру арқылы сайлайды.
Әрбір тұрақты комиссияның тізбесі, саны және құрамы дауысқа жеке-жеке қойылады. Олардың сандық және дербес құрамын мәслихат хатшысының ұсынысы бойынша мәслихат айқындайды.
Тұрақты комиссиялардың саны жетіден аспауға тиіс.
Тұрақты комиссиялар жұмыс топтарын құра алады.
50. Тұрақты комиссиялардың қызметін ұйымдастыру, функциялары мен өкілеттіктері Заңмен, осы Регламентпен айқындалады.
51. Мәслихаттың қарауына жатқызылған жекелеген мәселелерді сессияларда қарауға дайындау мақсатында мәслихат не мәслихаттың хатшысы уақытша комиссиялар құра алады. Уақытша комиссияларды құру кезінде мәслихат олардың құрамын, міндеттерін, өкілеттік мерзімдері мен құқықтарын айқындайды.
52. Тұрақты комиссиялар өз бастамасы немесе мәслихаттың шешімі бойынша жария тыңдаулар өткізе алады.
Жария тыңдаулар тұрақты комиссиялардың қарауына жатқызылған өте маңызды және қоғамдық маңызы бар мәселелерді талқылау мақсатында, осы комиссиялардың депутаттар, атқарушы органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, азаматтар қатысатын кеңейтілген отырыстары нысанында өткізіледі.
Жария тыңдауларды өткізу үшін депутаттар қатарынан жұмыс тобы құрылады. Тыңдауларды дайындау үшін өзге мемлекеттік органдар мен ұйымдардың мамандары тартылуы мүмкін.
Тұрақты комиссия жария тыңдаулар өткізілерден бір ай бұрын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы алдағы жария тыңдаулардың тақырыбын, өткізілетін күні мен уақытын халықтың назарына жеткізеді.
Тұрақты комиссия жария тыңдауларға мүдделі мемлекеттік органдардың, жұртшылықтың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін шақырады. Жария тыңдауларға басқа тұрақты комиссиялардан мәслихат депутаттары қатыса алады.
Жария тыңдауларда тұрақты комиссияның депутаты сөйлегеннен кейін сұрақтарға жауап беруге уақыт бөлінеді.
Сөз сөйлеу қорытындылары бойынша комиссия депутатының баяндамасына келіп түскен ұсыныстар мен ескертулер жария тыңдаулар хаттамасына енгізіледі.
Жария тыңдаулардың хаттамасын мәслихат аппаратының қызметкері дайындайды және оған жария тыңдауларда төрағалық еткен депутат қол қояды.
53. Қаралатын мәселелер «Мемлекеттік құпиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекеттік немесе қызметтік құпияға жатқызылған жағдайларды қоспағанда, тұрақты комиссиялардың отырыстары, әдетте, ашық болады.
Тұрақты комиссиялардың отырыстары қажеттілігіне қарай шақырылады және мүшелерінің жалпы санының жартысынан астамы қатысса, құқықтық күші бар деп есептеледі.
Тұрақты комиссияның қаулысы комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады.
Тұрақты комиссияның қаулысы мен отырыстың хаттамасына оның төрағасы, ал бірнеше тұрақты комиссияның бірлескен отырысы өткізілген жағдайда, тиісті комиссиялардың төрағалары қол қояды.